Тәуелсіздік күніне арналған танымдылығы мол, мағыналы іс-шара

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 28 жыл болды. Жиырма сегіз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды.

Ағымдағы жылдың 11 желтоқсанында №29 қалалық емхананың мәжіліс залында Тәуелсіздік күніне арналған танымдылығы мол, мағыналы іс-шара өтті. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранынан басталды.

Бағдарламада желтоқсан оқиғасына қатысушылар, «Nur Otan» партиясының Алатау аудандық филиалының өкілі Сұлтан Шадман, сондай-ақ Зерделі ықшам  ауданының ардагерлер Кеңесінің төрағасы Мали Жапақұлы мырза құттықтау сөздерін сөйледі.

«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп данышпан ақын Абай атамыз айтқандай, жиын барысында қонақтар мен қызметкерлерге емханамыздың еріктілері, яғни №148 балабақша бүлдіршіндері сыңғырлаған дауыстарымен ән айтып, би билеп музыкалық композицияларын ортаға паш етті.

Іс-шараға шақырылған қонақтарға сыйлықтар мен құттықтау хаттар, естелік сыйлықтар, ал емхана қызметкерлеріне алғыс хаттар табыс етілді.

Отанды сүюге, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, әсемдікке, жауапкершілікке, елге, жерге деген патриоттық сезімдерін ояту, елінің мұрасын жалғастырушы азамат болуға тәрбиелеу мақсатында арнайы жасалған бейнеролик көрсетілді.

Жиын соңында емхананың бас дәрігері Ақмира Маханбеткалиқызы қатысушыларды мерекемен құттықтап, «біз тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаншама қиыншылықтарды басымыздан өткіздік, енді осы тәуелсіздігімізді қадірлеп қастерлеп, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға, экономикасын ары қарай көтеруге, мемлекетіміздің гүлдеп жайнауына, демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолында еңбек етуіміз», — керектігін айтып кетті.

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс! Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн!


Бөлісу: