ШЖҚ « №29қалалық емхана» МКК ұжымы бүкіл әріптестерін Наурыз мерекесімен кұттыктайды!

         Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі, сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз — көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол — өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.
Осы Наурыз мерекесін  07.04.2018 күні біздің ШЖҚ« №29 қалалық емхана»  МКК ұжымы да жоғары деңгейде атап өтті. Емхана  үжымы наурызға арналған мәдени шараларын Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  өткізіп, емхананың ақ желеңді абзал жандары осы бағдарламада айтылғандай, ұмытылып, естен шығып бара жатқан құрсақ шашу, еңбектеуге талпынып жүрген баланың бауырынан  табақ алу,сырқаттанып жатқан адамның сауығып кетуіне септігі тиер белкөтерер сынды салт-дәстүрлеріміз бен жоралғыларымызды сахналық көрініс ретінде көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтады.     

         Сонымен қатар, салтанатымызға келген қонақтарға мерекелік дастархан жайылып, Жамбыл Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әртістері мен Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Академиялық этнографиялық-фольклерлық оркестрі жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондай-ақ асық ойнау, гір көтеру, арқан тарту, қол күрестіруден жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар мерекелік сый-кәделермен, арнайы дипломдармен марапатталды.

Осындай мерекеге қатысқан  қонақтарымыз бен іргелес жатқан ықшамаудандардың тұрғындары ұйымдастырылған мейрамға тәнті болып, ризашылықтарын білдірді.

        ШЖҚ «№29 қалалық емхана» МКК ұжымы баршамыз осындай Наурыз сынды тамыры тереңде жатқан ұлттық мерекелерімізді әрдайым дәріптеп, жылдан-жылға жоғары деңгейде атап өтсе деген тілегін білдіреді! Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі баршамызға бақыт, молшылық пен бейбітшілік әкелсін!

 


Бөлісу: