ХАЛҚЫМА МЕЙІР БЕРГЕН МЕЙІРБИКЕЛЕР, МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗБЕН!

1974 жылдың 12 мамырынан  бері аталып келе жатқан бұл халықаралық мерекені — жыл сайын   денсаулық  сақтау саласындағы үлкен жауапкершілік жүктелген еліміздегі 130 мыңнан астам  мейірбикелер де атап өтеді. Солардың қатарында Алматы қаласындағы емдеу мекемелерінде қызмет атқаратын 12 мың  мейірбикелер де бар.

    Бүгінгі   Мейірбикелер күнінде  мамандығым «Мейірбике» дегенді мақтанышпен айтатындардың қатарында қаламыздағы шет аудандардың бірі Алатау ауданына қарасты Зерделі ықшам ауданында орналасқан №29 қалалық емханада қызмет атқарып жүрген 138  мейірбике де бар. Олардың бесеуі мейірбике бакалавры, екеуі академиялық бакалавр дәрежесін иеленген болса,  біреуі мейірбике ісінің магистры. Ал қазір 20 маман қолданбалы бакалавр жүйесі бойынша кәсіби біліктіліктерін арттыруда. 

Әр мамандықтың өз ережелері мен талаптары бар десек, мейірбике мамандығына кездейсоқ адамдар келмейді. Өйткені, бұл мамандық үлкен жауапкершілікпен қатар, өзінің  атауы айтып тұрғандай осы мамандықты таңдаған адамның  жүрегінде мейірімі болуы керектігі талап етеді.  Неге десеңіз, ең қиын науқастың жанына  дәрігерден бұрын баратын мейірбике. Науқас  емдеу  мекемесінің табалдырығын аттаған  сәттен бастап, оның ары қарайғы қадамының  барлығы мейірбикенің білім-біліктілігімен қатар,  адамгершілігі мен адамға деген сүйіспеншілігіне байланысты өрістеп отырады.

2014 жылдан бастап  Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Финляндияның қолданбалы ғылымдар университетімен бірлесіп, мейіргерлік білім беру жүйесін жетілдірудің  Жол картасын жасаған болатын. Сол  жол картасы негізінде бүгінде  осы мамандық бойынша  оқытудың жаңа – қолданбалы бакалавриат жүйесі енгізілген. Мейірбике ісіндегі  бакалавр  дәрежелі  мейірбике учакелік дәрігерлердің жұмысының 50 пайызын білікті орындауға құқылы. Демек, біздің мейірбикелер де шетелдік әріптестері сияқты өз алдарына дербес шешім қабылдай алатын, дәрігердің сенімді серіктесіне айналып келеді. 

Мерекелеріңізбен,  медицина қызметкерлері арасындағы үлкен жауапкершілік жүктелген  мамандық иелері – Мейіргерлер!

 


Бөлісу: