Болашақ аналардың тілеушісі

   Болашақ аналардың тілеушісі 

 

Өмірге аман-есен сәбилер келсе, біз ең алдымен перзентхана дәрігерлеріне, сол сәбидің кіндігін кесіп, ана бауырына салып берген гинеколог дәрігерлер мен акушер-гинекологтарға рахмет айтып, алғысымызды жаудырып жатамыз. Бірақ, сол сәбиді тоғыз ай, тоғыз күнгі тоғыз секундтық сәтіне  аман жеткізетін, ана мен бала денсаулығына қорған болар, жас аналар мен  туу жасындағы әйелдердің ақылшы, кеңесшісі бола білетін емханалардағы әйелдер кеңесі дәрігерлерінің еңбегін естен шығара береді екенбіз. 

Біле білсек, кез-келген әйелдің ана болу бақытына бөленуінде сол бөлімде жұмыс істейтін гинеколог дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз. Жылына қаламызда қырық мыңнан астам сәби өмірге келсе, солардың алғашқы тілеушісі осы  алақаны аялы, жүректері жылы әйел дәрігерлері деуімізге болады.

Қаламыздағы Алатау ауданына қарасты №29 емхананың әйелдер кеңесі бөлімінің дәрігері   Ғалия  Құлтайқызы Қадырбаева да  мыңдаған әйелді ана болу бақытына, перзентті болу ләззатына бөлеп жүрген ақ желеңді абзал жандардың бірі. С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2009 жылғы түлектерінің бірі  Ғалияның бұл салада қызмет етіп келе жатқанына он жылға жуықтапты. Содан бері қаншама әйелдің жанынан табылып, солардың жақсылығының тілеушісі бола білді десеңізшісі.

Ғалия өзінің гинеколог мамандығын таңдауына  себепші болған  Алла Эвельевна  Мирееваға   деген алғысы шексіз. Болмаса, ол да жолдасы Мансұрмен бірге кардиолог мамандығын таңдауы әбден мүмкін еді. Бірақ, ұстаздың өз пәніне деген сүйіспеншілігі Ғалияның  өмірлік ұстанымын біржола өзгертіп жіберді. Алла  Эвельевна гинекология пәні сабағын өткізген кезде медицинада гинекологиядан артық ғылым жоқтай көрініп кететін. Қазір Ғалияға да дәл солай,  әйелдер дәрігері болудан қадірлі мамандық жоқтай көрінеді. Оның мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыра түскен емдеу мекемелерінің бірі қаламыздағы №3 перинатологиялық орталық пен №17 қалалық емхананың әйелдер кеңесіндегі  қызметі  Ғалияның жұмыс тәжірибесіне тигізген ықпалы зор. Осындай үлкен мектептен өткен  Ғалия алдына келген әрбір әйелдің қас-қабағына  қарап, дұрыс тағайындау жасап, көңілінде көлеңкесі бар, сырқаты  сыр беріп жүрген келіншектер сол ауруынан айығып, перзенттерін аман-есен бауырына басқанша  қастарынан табыла біледі. Мінезі де жұғымды. Әр нәрсәні асықпай, баппен түсіндіруге тырысады. Сондықтан болар, Ғалияның қабылдауы мен  ол жетекшілік ететін отбасын жоспарлау кабинетінен шыққан  келіншектер ана болсам деген бақытына   бөленіп, дені сау бала дені сау анадан туатынын да жандарымен түсініп, денсаулықтарына айырықша күтіммен қарауға өз-өздеріне уәде  беріп шығады. Бұл әрине Ғалияның еңбегінің нәтижесі екені даусыз. Ал тәулігіне «Ғалияжан, біз немерелі болдық немесе Ғалия Құлтайқызы, біз ұлды, қызды болдық» деп   қаншама аталар мен әжелер, жас жұбайлар одан сүйінші сұрап, хабарласып жатады. Ал бұл дәрігер еңбегінің   жемісі. Құдай жамандықтың бетін аулақ етсін, оның он жылғы қызметінде естіп келе жатқаны осындай  қуанышты хабар мен сүйінші. Әйтседе, Ғалия Құлтайқызы қазіргі жас әйелдердің өз денсаулығына әлі де жауапсыз қарайтындықтарына қатты алаңдайды. Оларға жүкті болу, өмірге  ұрпақ әкелу деген мәселеге  көбірек көңіл бөліп, ана болуды алдын ала жоспарлай білулерін, өмірге бала әкелуге тек әйел заты ғана жауапты емес, ер азаматтардың да  денсаулығының ықпалы зор екендігін түсіндіруге  тырысады.  Зиянды  әдет-дағдылардан аулақ болу туралы кеңес айтып,  бағыт-бағдар беріп тұрады. 

Ғалия осынша  қарбалас  жұмыстарының арасында жүріп, емхананың, оның ішінде «Ақжүрек» бастауыш партия ұйымының , кәсіподақ ұйымының жұмысына белсене қатысады. Кәсіподақ демекші, биыл Қызылорда қаласында өткен  медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары арасында өткен республикалық байқауға қатысып, бас жүлде мен 500 мың сыйақыны  жеңіп алғаны бар. 

Қазақ, орыс тілдерімен қоса, ағылшын түрік тілін жетік меңгерген әмбебап  маман.

Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге асыққан адам бақытты десек, Ғалия осы бақыт иесі. Оны үйде жолдасы қалалық кардиология орталығының кардиолог дәрігері Мансұр Есенбаев пен ұлдары Әлихан мен Мағжаны күтіп отырады.   Жолдасы екеуі бір ауылдан, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сынды қазақтың   біртуар азаматтары өмірге келген Жуалы өңірінің перзенттері. Екеуі де дәрігерлік мамандықты таңдады. Университетте бірге оқыды. Еңбек жолдарын  да өздері туып өскен ауылда Жуалы орталығындағы аудандық орталық ауруханада бастады. Еңбек жемісі, отбасының  шуағын, адамға жақсылық пен қуаныш сыйлаудың ләззатын сезіне білгеннен артық бақыт жоқ шығар. Бақыт  кілтің қолыңнан түспесін дейміз, аналардың тілеушісі Ғалия  Құлтайқызына.

 


Бөлісу: