№29 қалалық емхананың ұйымшыл командасы АЗТМ лагерінің тұрғындарын медициналық тексеруден өткізуге дайын
«Шетсіз қала» бағдарламасы аясында қолға алынған «Денсаулық» акциясын №29 қалалық емхана ұжымы «Шетсіз қала – шекарасыз медицина» бағытымен жалғастырып, АЗТМ (Алматинский завод тяжелого машиностроения) ықшамауданы тұрғындарын тегін медицицналық тексеруден өткізді. Бес мыңнан астам халқы бар ықшамаудандағы он төрт көшенің тұрғындары №29 емхананы қалап, осы емдеу мекемесіне тіркелген болатын.
Осы іс-шара барысында емхананың бас дәрігері Ақмира Садықова, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Тоғжан Әбілдаева, емхананың бас мейірбикесі Эльмира Әбиева ықшамаудан тұрғындарын медициналық тексеруден өткізудің ең басты мақсаты мен міндеттерін, жаңа жылдан бастап ендірілетін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы түсініктеме беріп, тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.
Ықшамаудандағы №178 лицейге жиналған тұрғындар кардиолог, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, невропотолог, эндокринолог, хирург, бала дәрігері, әйелдердің кеңес бөлімінің дәрігерлерінің тексерулерінен өтті, сонымен қатар, микрореакция, қандағы қант пен холестеринді анықтау, электрокардиография тәрізді лабораториялық-аспаптық зерттеулер жүргізілді. Ал аурудың алдын алу және науқастарды қолдау бөлімінің әлеуметтік, психолог мамандары тұрғындармен жүздесіп, кейбір қиын сәттерде көрсетілетін қолдау шаралары жөнінде айтып, емханада жұмыс істейтін Денсаулық мектептерімен таныстырды. – Біздің ең басты мақсатымыз, аудан орталығынан алыстау, медициналық көмек көрсететін мекемелерден шалғай қоныстанған тұрғындардың денсаулығын жақсартуға қолдау көрсету, аурудың алдын алу шарттарын түсіндіру. Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидалы сөз бар ғой, соны өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын кейбір тұрғындардың есіне салу, – дейді емханаың бас дәрігері Ақмира Маханбетқалиқызы.