Жаңа ғана мектеп бітіріп, әлі оң-солын танып үлгермеген Гүлнұрының акушер боламын дегенін естігенде, анасы Тіллақыз таңырқай қойған жоқ. Өйткені, ол бала кезінен дәрігер болып ойнайтын. Учаскелік мейірбикелер келе қалса, солардың құрал-жабдықтарын ұстап көріп, қызығушылық танытатын. Олар кете салысымен ойыншықтарын тізіп қойып, өзі қолдан жасап алған шприцтермен оларға укол салып, дәрі беріп ойнайтын-ды. Сөйтсе, бұл бала Гүлнұрдың ойыны емес, болашақта медицина маманы болсам деген арманының ұшқындары еді. Осы арманымен ол 2005 жылы Алматы қаласындағы Авиценна атындағы медициналық колледждің акушерлік бөліміне оқуға түседі. 2007 жылы колледжді сәтті аяқтаған ол күні бүгінге дейін осы салада қызмет атқарып келеді. Акушер болып жұмыс істегеніне биыл он үш болады. Он үш жылдан бері жүкті әйелдің денсаулығын бақылап, оның аман-есен босануына тілеуші болып жүр. Жақында Гүлнұр Абдуллақызы Сулейменова кәсіптік біліктілігін арттырып, жоғары санатты акушер атанды. Биылғы жылдың Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының акушерлер мен мейірбикелер жылы деп жариялануы Гүлнұрдың әріптестерінің мәртебесін арттырып, өз жұмыстарына деген жауапкершіліктерін арттыра түскені анық. Біз 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Гүлнұр Абдуллақызы Сулейменовамен тілдесіп, мамандығына деген сүйіспеншілігі, жұмысының қиындығы мен қызығы туралы сұраған едік.
–Гүлнұр Абдуллақызы мамандығыңыз сізге несімен ұнайды?
-Жүктілігін уайымдап, жүрегінде жатырдағы нәрестемді аман-есен өмірге келтіре алам ба, жоқ па деген уайымы басым келіншектердің денсаулығының жақсы екенін, жатырдағы нәрестенің дамуының қалыпты екенін жеткізіп, әйелдердің қуанғанын көру, кейін олардың аман-есен босанғанын есту, жүкті әйелдердің сұлу жүзін көру ұнайды.
— Бұл мамандықты таңдауына не себеп болды?
— Кішкентай кезінде балалардың барлығы дәрігерден қорқады ғой, мен керісінше дәрігерлерді көрсем қуанып, алдарынан шығатынмын. Учаскелік мейірбикелерге еріп, үй-үйді аралап, адамдардың қал-жағдайын сұрағандары, укол салғандары ұнайтын. Сондай кезде анам «Менің қызым дәрігер болады дейтін» сенімді түрде. Мүмкін анамның сол тілегі қабыл болған шығар, қазір жұрттың ықыласына бөленіп, Алғыс хатқа ие болып, Құрмет грамоталарымен марапатталып, «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылдансам, ол алдымен анамның ақ тілеуінің жемісі, одан кейін мені бауырына тартып осы саланың қыр-сырын үйреткен, мамандықты шын жүректен сүюді өсиеттеп кеткен тәлімгерім, «Алғабас» амбулаториясының меңгерушісі марқұм Айсұлу Әліпбайқызы Алыбаева.
Мен де осы сәтті пайдаланып, ұжымыды жаңа істерге жұмылдыра білетін бас дәрігеріміз Ақмира Садықова бастаған ұжымымдағы әріптес қыз келіншектерді мерекелерімен құттықтаймын.
-Биылғы жыл акушерлер мен мейірбикелер жылы, бұл сіздерге қандай міндет жүктейді?
— Ең бірінші жауапкершілікті. Өйткені, денсаулық сақтау саласындағы барлық жауапкершілік жүгі мен ауыр жұмысты арқалайтын орта буынды медицина қызметкерлері деуге болады. Солардың мәртебесін, беделін арттыру үшін жарияланып отырған биылғы Акушерлер мен мейірбикелер жылы осы екі салада жүрген бізге өз жұмысымызға деген жауапкершілігімізді бұрынғыдан да арттыра түсуді міндеттейді.
— Ертеңгісін жұмысына, ал кешке үйіне асыққан әйел бақытты дейді ғой?
— Көпбалалы анамын. Құдайдың берген төрт Нұрсұлтан, Аяжан, Нұрәлі, Нұрай есімді ботақандарым, жанымды түсініп, маған қолдау көрсететін демеушім Ақмедиярдай жарым бар мен бақытты әйелмін.
— Гүлнұр жақында «Сенім» денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымдастырып отырған байқауға қатысқалы отыр екенсің, сол байқауда ұжымыңның абыройын қорғап, жеңімпаз атануыңа тілектеспіз, Мерекең құтты болсын.