Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазан «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар сала бойынша маңызды мәселелерге тоқталып, еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып, дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басқанын атап өтті. Соның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар бастама көтерді.
«Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ.
Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет.
Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ауыл-аймақтарда жаңа денсаулық сақтау нысандары бой көтеретінін айтты.
«Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек.
Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру.
Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады.
Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады.
Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы медициналық көмек жүйесін жаңғыратынын және дәрігерлердің өкілеттігін кеңейетінін атап өтті.
«Біз адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз.
Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.
Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет.
Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз.
Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.
Аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды кеңінен тартқан жөн.
Қолға алынған мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобаларын сәтті жүзеге асыру қажет. Мұндай серіктестік түрі әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға көмектеседі.
Ең бастысы, тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді тез қабылдау керек.
Сондай-ақ біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән береміз.
Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды.
Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ президент дәрігерлердің қоғамдағы рөліне тоқталды.
«Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады.
Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын», – деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.
