Городская поликлиника
№29
Қалалық емхана

«Нұр Отан» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ

«Нұр Отан» партиясының қалыптасу және даму тарихы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасының кемеңгер басшылығының арқасында партия еліміздегі жетекші саяси күшке айналды. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының құрылуы мен қалыптасуының басы-қасында болды. Сондай-ақ, ол партияның идеялық қолдаушысы болып табылады.

1998 жылдың 21 қазанында Қазақстан Республикасында «Қазақстан Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қолдау көрсету қоғамдық штабы» қоғамдық қозғалысы жұмысын бастады. Сайлауалды кампания кезінде штаб белсенді жұмыс істеді. Сондай-ақ, саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастық орнатты. Аталған жұмыстар барысында белгілі мемлекет және саяси қайраткерлер – С.А.Терещенко, Г.И.Дунаев, Х.Ш.Тақуов белсенділігімен көзге түсті. Дәл осы кезеңде қоғамдық қозғалысты саяси партияға айналдыру идеясы туралы пікірлер айтыла бастады. Осыған байланысты 1999 жылы 19 қаңтарда арнайы отырыс өтіп, онда Қоғамдық штабты «Отан» республикалық саяси партиясы» ретінде қайта құру шешімі қабылданды. Ал 1999 жылдың 12 ақпанында партия Қазақстан Республикасының заңнамаларына сай Әділет министрлігіне тіркелді. Дәл осы дата партияның жұмысы басталған күн ретінде Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына жазылды. Партияның мұрағатында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1999 жылдың 22 ақпанында «Отан» республикалық саяси партиясының мүшесі ретінде тіркелген картасы сақтаулы тұр.

1999 жылдың 1 наурызында жаңа партияның І құрылтай съезі өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның Төрағасы болып сайланды. Одан бөлек, Саяси кеңес пен Орталық тексеру комиссиясының құрамдары бекітіліп, партияның Жарғысы қабылданды. Сондай-ақ, съезд делегаттары «Отан» республикалық саяси партиясы, Қазақстанның Халықтық бірлік партиясы, Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан либералдық қозғалысы және «Қазақстан-2030 үшін» қозғалысының бірігуі туралы тарихи маңызға ие Резолюцияны қабылдады.

2002 жылы 9 қараша күні Алматы қаласында өткен «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IV съезінде «Отан» РСП-ға Қазақстанның Халықтық-кооперативтік партиясы мен Республикалық еңбек партиясының қосылуы туралы қаулы қабылданды. Ал 2006 жылы 4 шілдеде Астана қаласында «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IX съезі өтті. Онда «Отан» РСП-ға «Асар» партиясының қосылуы туралы шешім қабылданды. Осы жылдың 22 желтоқсанында өткен партияның кезектен тыс X съезінде «Отанның» Азаматтық және Аграрлық партиялармен біріккені жарияланды. Осы Х съезде басым дауыспен Қазақстанның жетекші саяси күшінің атауын «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

2008 жылдың 17 қаңтарында Мемлекет басшысы, партия Лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Партияның халықтық тұғырнамасын жүзеге асыратын бағдарлама қабылданды. 2008 жылдың 15 мамырында «Жас Отан» Жастар қанатының І съезі өтті. 2009 жылдың 9 қаңтарында партияның Орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің бірінші ұйымдасу отырысы өтті. Ал 2013 жылы 18 қазанда «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының атауы «Нұр Отан» партиясы болып өзгертілді. Дәл осы күні «Нұрлы болашақ жолында» атты партияның жаңа Доктринасы қабылданды.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің сайлауы қарсаңында 2016 жылы 29 қаңтарда партияның кезектен тыс XVII съезі өтті. Онда «Нұр Отан» партиясының «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы бекітілді.

Материалдар www.nurotan.kz электрондық порталынан алынған.

«НҰРОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ДОКТРИНАСЫ

«Нұр Отан» партиясы доктринасы 2013 жылғы тамызда қоғамдық және партияішілік талқылауға ұсынылды. Аймақтық филиалдардан, қоғамдық және саяси ұйымдардан, ҚР Парламенті депутаттарынан, шығармашыл және ғылымның зиялы қауым өкілдерінен, сарапшылардан, Интернет-пайдаланушылардан 300 астам ұсыныс келіп түсті.

Келіп түскен ұсыныстар мен ескертулер есепке алынған қорытынды құжат елеулі түрде пысықталып, 2013 жылғы 18 қазандағы партияның XV Съездінде қабылданды.

  1. «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ МИССИЯСЫ

«Нұр Отан» – халықтық партия. Бізге ел тағдыры үшін жауапкершілік жүктелген. Партиямыз өзінің құрылған күнінен бастап адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына жасалатын жағдайды жақсарту мақсатымен экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келді.

Партияның негізін қалаушы – Елбасының басшылығымен Қазақстан халқы экономикасы серпінді дамыған қарымды қоғам және демократиялық мемлекет құрды. Біздің күш-жігеріміздің басты нәтижесі «Қазақстан-2030» Стратегиясының негізгі  межелерінің мерзімінен бұрын жүзеге асырылуы болды.

Бүгінгі таңда мемлекеттілік құру жөніндегі тарихи міндет  орындалды. Бұл барлық қазақстандықтардың бірлігі мен келісімінің,  табанды да қажырлы еңбегінің, ортақ құлшынысы мен үміттерінің жемісі.

«Нұр Отан» партиясы – қоғамды ұйыстыратын және Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін басым  саяси күш.

Партия доктринасы «Нұр Отанның» ХХІ ғасырдағы миссиясын және «Қазақстан – 2050» Стратегиясын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етудегі біздің алар орнымызды айқындайды.

Біздің миссиямыз – эволюциялық дамуды қамтамасыз ету және алға қойған мақсатына ұмтылатын, заң талабын сақтайтын әрі еңбекқор азамат өзіне де, қоғамға да пайда келтіре алатын демократиялық, өркендеген, бәсекеге қабілетті және  әлеуметтік бағдарлы мемлекет құру.

Біздің басты жетістігіміз – ел Тәуелсіздігі

Халқымыздың қасиетті құндылығы – Тәуелсіздік. Қазақстанның барлық табыстарына Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізілді. Тәуелсіздік – бар бақытымыздың бастауы.

Қалыптасқан мемлекеттің берік іргетасын орната отырып, біз алдағы кезде де халқымыздың бірлігі мен келісімін нығайта береміз.

Мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың күш-жігері түгелдей Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталуға тиіс. Елдігімізді қорғау – біздің Тарих алдындағы, болашақ ұрпақтар алдындағы парызымыз.

Біздің идеямыз – Қазақстанды өркендету

Қазіргі таңда мемлекеттің орнықты дамуы үшін қажетті жағдай жасалған.

Өркендеу дегеніміз біз үшін – барлық азаматтардың өмір сапасын ұдайы жақсартуды қамтамасыз ететін экономикалық дамудың жоғары қарқынына қол жеткізу. Сондықтан біздің өзекті міндетіміз – орнықты экономика мен қоғамдық-саяси тұрақтылықтың арқауы болып табылатын қуатты орта тапты қалыптастыру.

Біз Қазақстанның одан әрі өркендей беруі үшін жауапкершілікті өзімізге жүктейміз.

Біздің саяси тұғырнамамыз – орталықшылдық

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасымыз тұрақтылық пен бірлікке, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты даму мен халықтың барынша кең топтары мүдделерінің теңгеріміне негізделген орталықшылдық, яғни центризм саясатын жүргізіп келеді.

Біздің барлық шешімдеріміз бен іс-қимылдарымыздың өзекті шарты  – халық тағдыры үшін жауапкершілік және қоғамдық үнқатысу.

Біздің саяси идеалымыз –  Елбасы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – біздің партиямыздың негізін қалаушы.

Тәуелсіздікке қол жеткізу мен Қазақстан табыстарының дүние жүзінде танылуы – Елбасының ерен еңбегі.

Халқымыздың болашағын Елбасының мемлекеттік бағыты айқындайды.

Елбасы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарын белгілеп қана қоймай, оларға қол жеткізудің жағдайын да жасады.

Елбасының даналығы, гуманизмі, мұқалмас ерік-жігері, болашаққа ұмтылысы және халқына шексіз беріле қызмет етуі біз үшін де, болашақ ұрпақтар үшін де әрқашан үздік үлгі бола бермек.

  1. БІЗДІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ

Адам

Біздің басты құндылығымыз – Адам, оның қадір-қасиеті мен құқы,  амандық-саулығы мен заңдық мүдделері.

Әр азамат туғаннан дені сау, білімді болуға, еңбек етуге, лайықты еңбекақы табуға, отбасын құруға, жеке баспана иеленуге, өз балаларының болашағын қамдауға мүмкіндік беретіндей әлеуметтік және басқа да игіліктерге кепілді әрі тең тұрғыда қол жеткізе алуға тиіс.

Бостандық

Адам бостандығы дегеніміз – әркімнің өз болашағын өзі таңдау еркі. Адамның Конституция кепілдік ететін құқы мен бостандығын жүзеге асыру біздің басты міндетіміз болып табылады.

Бір адамның бостандығы басқа адамның бостандығына нұқсан келтірмеуге тиіс. Бостандық жауапкершілікпен баянды етілмек.

Заңның үстемдігі

Заң адам және азаматтың құқы мен бостандығын, адамның қадір-қасиетін, жеке меншікті қорғайды.

Мәртебесіне және шыққан тегіне қарамастан Заң алдында жұрттың бәрі тең. Конституция мен заңнаманы бұлжытпай сақтау – әділетті қоғамның, баршаға тең мүмкіндік жасаудың негізі.

Әділеттілік

Әділеттілік дегеніміз – баршаның мүмкіндіктерінің теңдігі.

Мемлекет азаматтардың көздеген ойын жүзеге асыруға теңдей жағдай жасауға тиіс. Алайда, мемлекет берген сол мүмкіндікті қалай пайдаланатыны азаматтардың өздерінің  таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты.

Ынтымақшылдық

Халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім Қазақстанның өркендеуінің шешуші шарты болып табылады.

Бірлік пен келісімнің негізі – ынтымақшылдық. Бұл – өзара сенім мен өзара жауапкершілік.

Ынтымақ отбасынан басталады. Ол отбасы мүшелерінің, достардың, айналадағы адамдардың бір-біріне көмектесуінен, рухы күштілердің әлсіз жандарға, бақуатты кісілердің тұрмысы төмендерге, денсаулығы жақсы адамдардың  науқастарға, жасы үлкендердің өзінен кішілерге жанашыр болуынан танылады.

Болашаққа ұмтылыс

Біз әрдайым биік межелерді көздеп, мақсатымызға қол жеткізіп келдік. Біздің болашаққа ұмтылысымыз және жетіле түсуге ұдайы талпынысымыз – Қазақстанның одан әрі өркендеуінің аса маңызды шарты.

Сондықтан да жаңа оқу-білімге ұмтылу, еңбек ету және басқалардың еңбегін құрметтеу, өз денсаулығына дұрыстап қарау және дәйім өзін өзі ұштап отыру әрбір азамат үшін өмірінің қалыпты қағидасына айналуы керек.

Отбасы және Дәстүр

Жаһандану дәуірінде өзінің тарихының, мәдениеті мен тілінің қадіріне жететін халық қана табысты өркендей алады.

Барлық ұлттардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту біздің стратегиялық басымдығымыз болып табылады.

Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты. Ұрпақтар сабақтастығы, жасы үлкендерге құрмет көрсету, балаларға қамқор болу, өзара қолдау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық дәл отбасында қалыптасады.

Отбасын нығайту мен дәстүрлерді сақтау  – мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі. Сондықтан да біз отбасының мерейін барынша үстем ете беруіміз керек.

  1. АЗАМАТ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ: ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛДЫҢ ЖАҢА ҚАҒИДАТТАРЫ

Азаматтарға қызмет ететін мемлекет

Қоғамның дамуында мемлекеттің алар орны қашанда өзекті болған және солай болып қала береді. Бұл орайда,  бізге мемлекет пен азаматтардың өзара қарым-қатынасының мүлде жаңа сипатын қалыптастыру қажет.

Мемлекет пен азаматтар – құқықтары мен міндеттері конституциялық тұрғыдан бекітілген тең әріптестер.

Мемлекет азаматтардың заңдық мүдделерін көздеуге, құқы мен бостандығын баянды етуді қамдауға, олардың Конституция мен заңнаманы бұлжытпай орындауына бағыт-бағдар ұстауға тиіс.

Жауапты азаматтық қоғам

Ортақ мүдделері бойынша, мәселелерді шешу үшін біріккен азаматтардың белсенділігі ел дамуының аса маңызды шарттарының бірі болып табылады.

Жауапты азаматтық қоғам – демократиялық дамудың және  мемлекеттік басқару тиімділігінің өзекті факторы.

«Нұр Отан» партиясы – азаматтық қоғамның ажырағысыз бөлігі. Сондықтан біз азаматтық бастамаларды дамытуға, қоғамдық бірлестіктер арасында кеңінен үнқатысуға, қоғамдық бақылауды күшейтуге жағдай жасауға тиіспіз.

Біз мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимыл жасауы үшін жауаптымыз.

Азаматтары еркін әрі жауапты ұлт

Мықты ұлт дегеніміз – мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне үлес қосуға дайын тұратын жауапты азаматтар.

Біз еліміздің азаматтары еркін, ынтымақшыл, заңға тақ тұратын, болашаққа ұмтылғыш, дәстүр мен мәдениетті құрметтейтін, отбасы құндылықтарын  қастерлейтін және келер күнге құлшынған адамдар  болғанын қалаймыз.

Жастарды отаншылдықтың арқауына айналатын осынау құндылықтарды қастерлейтіндей етіп тәрбиелеу әрқашанда Қазақстанның табысқа жетуі мен өркендеуінің кепілі болмақ.

  1. ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ТАБЫСТЫҢ ФАКТОРЛАРЫ

Бірлік пен келісім

Біздің елімізді халықаралық қоғамдастық бейбітшілік пен келісімнің, мәдениеттер мен діндер үнқатысуының үлгісі ретінде таниды.

Қазақстанның табысты дамуының сенімді іргетасы –  халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім.

Біз өз қоғамымызды  сан алуан көзқарастар мен идеялар кең өріс алған плюралистік қоғам ретінде танимыз. Елдегі бірлік пен келісімді сақтау демократиялық институттардың одан әрі дамуы мен тиімділігіне байланысты болмақ.

Сондықтан біз қоғамымыздағы демократиялық мәдениет пен дәстүрлерді  нығайтуға барынша ықпал етуге тиіспіз.

Төл мәдениет және руханилық

Мәдениет пен руханилық қоғамды біріктіреді.

Мәдениет – өмірдің өнерден, тарихи мұрадан, дәстүр мен тілден нәр алатын аса маңызды саласы.

Біз қоғамымыздың бірегейлігін айқындайтын мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, ұлғайта түсуді жақтаймыз.

Қазақстан конфессияаралық келісімнің үлгісі, діндер үнқатысуының әлемдік орталығы болып табылады. Біздің зайырлы мемлекетімізде сенім-наным мен дін – руханилықтың, моральдің және толеранттылықтың  маңызды қайнар көзі.

Мәдениеттердің өзара кірігуі жеделдей түскен заманда біз, өзгелердің жақсы жағын бойымызға сіңіре отырып, өзіміздің мәдени төлтумалығымызды сақтай білуіміз қажет.

Қуатты экономика

Экономикалық саясат  барлық азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталуға тиіс.

Біз жеке меншікке қол сұқпауды, ашық бәсекелестікті, макроэкономикалық тұрақтылықты, қолайлы инвестициялық ахуалды, өңірлердің теңгерімді дамуын, экономиканы әртараптандыруды,  инфрақұрылымды дамытуды, инновациялар мен экспортты ынталандыруды жақтаймыз. Бұл кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыруға қажетті жағдай жасайды, экономиканың орнықтылығы мен икемділігін қамтамасыз етеді.

Бизнес экономикалық дамудың қозғаушы күші, инновациялардың негізгі тартушы тетігі болып табылады, жұмыспен қамту жөнінде маңызды әлеуметтік миссия атқарады, орта таптың негізін және азаматтық қоғамның тірегін құрайды. Сондықтан біз отандық бизнесті жан-жақты қолдау жағындамыз.

Өзара жауапкершілік пен әріптестік мемлекет пен бизнес қарым-қатынасының маңызды қағидаты болуға тиіс.

ХХІ ғасыр  экономикасының негізі – ғылым мен инновация, тиімділігі жоғары, қуат үнемдейтін әрі экологиялық жағынан таза технологиялар. Экологиялық пайымдауды енгізу – табиғат ресурстарын көкейге қонымды пайдаланудың және  оны ұрпақтар арасында әділетті бөлудің кепілі.

Әділетті әлеуметтік саясат

Әлеуметтік саясат әрбір азаматтың әлеуетін жүзеге асыруға  теңдей мүмкіндіктер жасауға бағытталуға тиіс.

Азаматтардың барлығы өмірдің жоғары үлгі-қалыптарына сай келетін әлеуметтік қызметтерге тең қол жеткізе алатын болуы керек. Бұған  мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ынтымақшыл жауапкершілігі арқасында қол жеткізілуі қажет.

Атаулы әлеуметтік көмек халықтың әлсіз топтарына ғана көрсетілуі керек. Мемлекеттік қолдау ең алдымен азаматтарды толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге белсенді араластыруға бағытталуы керек.

Зияткер ұлт

Бүгінгі әлемде үдемелі экономикалық дамудың өзекті шарты білім мен инновация болып табылады.

Жаңа білім  мен серпінді технологияларды тың идеялар мен білімді бойға сіңіруге дайын тұратын, сыни тұрғыдан және жасампаздық ыңғайда ойлай білетін, өз еңбегіне жауапкершілікпен қарайтын білімді де кәсіби азаматтар жасайды.  Зияткер ұлттың негізін тап солар құрайды.

Ұлттың зияткерлік әлеуетінің дамуы білім мен ғылымның өмір бойы білімді жетілдіруге, дағдылар мен іскерлікті  шыңдауға ынталандырып, мүмкіндік ашатын жүйесінің тиімділігіне байланысты.

Бізге азаматтарымыздың зияткерлік әлеуетін барынша жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар және инновациялық инфрақұрылым жасау қажет.

Тиімді мемлекеттік басқару

Мемлекеттік органдар халықтың мүддесіне қызмет етуі керек.

Біз мемлекеттік басқарудың тиімділігін және баршаға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын қамтамасыз етуге тиіспіз.

Біз жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіре түсуге және тұрғылықты халықтың мәселелерін тиімді шешуге септесетін боламыз.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу баршаның және әр адамның міндеті. Сыбайлас жемқорлық біздің мемлекеттілігіміз бен демократиямызды жегідей жейді. Сондықтан да біз сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің және қоғамда оның кез келген көрінісіне ымырасыздық ахуалын қалыптастырудың жүйелік жағдайын жасаймыз.

Мемлекеттік басқару жүйесі барынша ашық әрі қоғамдық бақылау үшін қолжетімді болуы керек.

Әлемге ашық Қазақстан

Қазіргі дүниеде елдің өркендеуі мен қауіпсіздігіне әлемдік қоғамдастықтың өміріне белсенді әрі жауапты қатысу ғана кепілдік бере алады.

Біз Қазақстанның сыртқы саясатының теңгерімділігі мен көпвекторлығын жақтаймыз. Сыртқы саясаттың басым бағыттары – ұлттық мүддені қорғау, қорғаныс қабілетін күшейту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Біздің еліміз үшін ықпалдастық үдерістері өмірлік қажеттілік және орнықты дамудың кепілі болып табылады. Олардың арқауына қашанда халық пен мемлекеттің мүдделері алынуы керек.

  1. ПАРТИЯНЫҢ ТАРИХИ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

Біз ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне сақадай сай тұруға, елдің дамуы мен халықтың келешегі үшін жауапты болуға дайын екенімізді мәлімдейміз.

«Нұр Отан» партиясы алдағы кезде де ел өміріндегі өзінің басым рөлін сақтауға бекінген.

Ортақ игілікке қол жеткізу үшін біз барлық партиялар мен бірлестіктермен белсенді үнқатысуға, сындарлы пікір алмасуға және ой бөлісуге дайынбыз.

Біз Елбасының мемлекеттік бағытының мызғымайтындығы және тиімді жүзеге асырылуы азаматтарымыздың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететініне сенеміз!

Біз әр азаматтың әлеуетін, жасампаздық күш-қуатын, болашаққа деген сенімі мен білімін өз Отанымыздың игілігіне жұмсауға тиіспіз!

«Нұр Отан» – ХХІ ғасырдың партиясы! «Нұр Отан» – болашақтың партиясы!

8 ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБА

Партиялық жобаның мақсаты

Қазақстан халқының рухани-мәдени құндылықтарын сақтау және молайту, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру арқылы отан сүйгіштікті нығайту, бірлікті және қоғамдық-саяси тұрақтылықты, этноконфессиялық келісімді сақтау.

Партиялық жобаның мақсаты

Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне атымен төзбеушілік ахуалын қалыптастыра отырып, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту.

Партиялық жобаның мақсаты

Жас мамандар мен ЖОО және ТқЖБ түлектерін еңбек ұжымында әлеуметтендіру.

Партиялық жобаның мақсаты
Жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіндіру және ұлықтау.

Партиялық жобаның мақсаты

Мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың өмірінің сапасын арттыру.

Партиялық жобаның мақсаты

ҰОС қатысушылары мен мүгедектерін, тыл еңбеккерлерін, 63 жастан асқан қарт адамдардың өмір сүру ұзақтығын және өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ету.

Партиялық жобаның мақсаты

Отбасылық құндылықтарды таныту арқылы отбасы институтын, ізігілікті, рухты нығайту, қиын өмірлік жағдайға түскен отбасылар мен балаларды әлеуметтік бейімдеу және көмек көрсету жұмыстарына жұртшылықты тарту.

Партиялық жобаның мақсаты

Ауыл тұрғындарын өнімді жұмыспен қамтуға көмек көрсету және азаматтарды кәсіпкерлікке қатыстыру.


Бөлісу:

Біздің байланыстарымыз

  • Городская поликлиника №29 | РК, г.Алматы, мкр.Алгабас-6, уч.371/3